TikTok желісімен «жұмыс» тапқан: ШҚО-да ерлі-зайыптылар ұсталды
Есірткі таратты деген күдікпен Өскемен қаласының ерлі-зайыпты тұрғындарын полиция қызметкерлері ұстады. Тергеу мәліметінше, әйел TikTok әлеуметтік желісінен заңсыз табыс табу туралы ұсыныс тауып, психотроптық заттарды жасырын орындарға қойып кету арқылы тарата бастаған.
Кезекті рет «жұмысқа» шыққанда ол бұл іске күйеуін де тартқан. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел алты жасырын орын дайындап үлгерген. Кейін бірнеше түйіншекті тыйым салынған заттармен бірге күйеуіне берген. Көп ұзамай екеуін де полиция қызметкерлері ұстады.
Жеке тінту кезінде әйелден 19 түйіншек, ал күйеуінен тағы жеті түйіншек табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, олардың құрамында синтетикалық есірткі – альфа-PVP болған. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен 33 грамды құрады. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ескертеді: әлеуметтік желілердегі оңай әрі жылдам табыс табу туралы ұсыныстар есірткі қылмысына тартудың бір тәсілі болуы мүмкін.
Тыйым салынған заттарды, соның ішінде жасырын орындарға жасыру арқылы тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай «жұмысқа» келісу арқылы адам қылмыстық схеманың қатысушысына айналып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









