Мойынқұм – Бірлік бағытындағы жол жиегінде қалың өскен жыңғыл мен сексеуіл жүргізушілердің көру аясын шектеп, қозғалысқа кедергі келтіруде. Жамбыл ауылының тұрғындары аудан әкімі Ермек Карентаевпен кездесуде осы мәселеге назар аударып, жол бойын тазарту қажеттігін жеткізді.
Ауыл жұртшылығы үшін күнделікті қатынастың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан тұрғындар жол жиегіндегі өсімдіктерді ретке келтіру мәселесін қарастырып, тиісті шаралар қабылдауды сұрады. Кездесуде медицина саласына қатысты сауалдар да қойылып, ауылдағы медициналық қызмет мәселелері сөз болды.
Ермек Карентаев тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты бөлім басшыларымен бірге әр мәселенің шешу жолдарын талқылады. Әңгіме барысында ауылдық округте атқарылған жұмыстар мен алдағы даму жоспарлары да таныстырылды.
Айтылған ұсыныстар алдағы жұмыстың нақты жоспарына енгізілмек. Аудан басшысы ауылдық округ әкіміне тиісті іс-шараларды айқындап, олардың орындалуын қадағалауды тапсырды.
Тұрғындар өздері көтерген мәселенің қай кезеңде тұрғанын, қандай жұмыс атқарылып жатқанын біліп отыруы қажет. Осыған байланысты Ермек Карентаев халыққа жүйелі түрде ақпарат беріп, тұрақты кері байланыс орнатудың маңызын атап өтті.









