Бүгін Мойынқұм ауылының маңындағы атшабарда 25 қазан – Республика күніне орай тай бәйге мен аламан бәйгеден жарыс өтті. Ұлттық ат спортын дәріптеген шараны аудандық бұқаралық спорт мекемесі ұйымдастырды.
Дүбірлі додаға Жамбыл облысының аудандарынан және Алматы облысынан келген шабандоздар қатысып, бақ сынасты. Жүйрік баптаған атбегілер мен жеңіске ұмтылған шабандоздар бас қосқан жарыс көрермендерге тартысты сәттер сыйлады.
Тай бәйгеде жас жүйріктердің қарымы сыналса, аламан бәйгеде тұлпарлардың төзімділігі мен шабандоздардың шеберлігі таразыға түсті. Жарыс жолындағы бәсекеде оза шапқан жүйріктер анықталып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Бәйге – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлттық мұра. Осындай жарыстар атбегілік өнерді насихаттап, жастардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттыруға, өңірлер арасындағы достық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Республика күні қарсаңындағы дүбірлі дода мерекелік көңіл күй сыйлап, ұлттық дәстүріміздің қадірін айшықтай түсті. Жеңімпаздарды құттықтап, барша қатысушыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!








