Айдарлыдағы кездесу: ауыл тіршілігі мен тұрғындар ұсынысы

    1 / 15

    Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Айдарлы ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің өзекті мәселелері мен алдағы даму жоспарларын талқылады. Ашық пікір алмасу барысында ауыл жұртшылығы күнделікті тұрмысқа, шаруашылыққа және жол қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстарын жеткізді.

    Тұрғындар ауыл мектебінің шатырын ауыстыру қажеттігін көтерді. Сонымен қатар айтылған мәселелердің басым бөлігі ауыл шаруашылығына қатысты болды. Қараусыз жүрген малды ретке келтіру үшін бада ұйымдастыру, егістік алқаптарын суару жүйесін реттеу мәселелеріне назар аударылды.

    Күре жол бойындағы қауіпсіздік те әңгіме өзегіне айналды. Ауыл тұрғындары жол жиегіне қоршау орнату, көліктердің қозғалыс жылдамдығын төмендету шараларын қарастыру және бейнебақылау камераларының санын көбейту жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл мәселелердің тұрғындар қауіпсіздігі мен малдың жолға шығып кетуінің алдын алу үшін маңызы зор.

    Ермек Карентаев көтерілген әрбір мәселеге жеке тоқталып, жауапты бөлім басшыларымен бірге оларды шешу жолдарын талқылады. Жиында ауылдық округте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде де ақпарат берілді.

    Кездесу қорытындысында аудан басшысы ауылдық округ әкіміне тұрғындардың ұсыныстарын нақты іс-шаралар жоспарына енгізіп, орындалуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың барысын халыққа жүйелі түрде жеткізіп, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатудың қажеттігін атап өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мойынқұм ауданының әкімдігі" жаңалықтары