«Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» – патриоттық кеш

    21 қазан күні Қазақстан Жазушылар кітапханасында 25 қазан – Республика күніне орай «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты патриоттық кеш өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды.
    Кеш барысында жетекшісі Рахымбай Тәлет бастаған «Сабира» домбыра мектебінің 22 оқушысынан құралған «Төремұрат» ансамблі қазақ күйлерінен попурри орындады. Ансамбль мүшелері Медиум Даниал, Оразалы Арсен және Сәбит Әлішер «Күй тартыс» композициясын ұсынды. Кітапхана қызметкері Набидолла Құндыз Республика күніне арналған «Қазақстан – елім менің» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
    Кешке ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы Алмасбек Ахметбекұлы, ақын, ғалым, журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков, Республикалық Достық үйінің жетекші сарапшысы Айнұр Жақыпова, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аға оқытушысы, «Әлем Дәнекер» қоғамдық қорының директоры Руслан Жақыпов және мәдениет қайраткері, еңбек ардагері Жағыпар Қасен, Сапар Қасен қатысты. Қонақтар Республика күнінің тарихи маңызы, тәуелсіздіктің қадірі, ел бірлігі мен жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігі жөнінде ой бөлісті. Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің студенті Дәулет Болатұлы «Көк тудың желбірегені» әнін орындады.
    Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары мерекелік баяндама жасап, өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ іс-шараға ауған соғысының ардагерлері Сайлан Тұрғанбаев пен Аят Валиахметов, Қарабақтағы ұлтаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ардагерлер Ермек Шыңғысов, Бағдат Әміреев, Марат Әміренов және Амангелді Тұңғышбек қатысты.
    Іс-шара соңында ардагер кітапханашы Елена Жәмелқызы Ағайса қонақтар мен өнерпаздарға алғыс білдіріп, белсенді қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады.
    Мақсаты: Республика күнінің тарихи маңызын таныстыру, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін дәріптеу, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім қалыптастыру.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Әуезов ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары