1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Алматы қаласы Әуезов ауданының жалпы білім беретін мектептерінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың қоғам дамуына қосқан үлесін дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында бірқатар мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында «Қарттарым – асыл қазынам», «Қарты бар үйдің – қазынасы бар», «Ұрпаққа үлгі – қарттар» тақырыптарында тәрбие сағаттары, тағылымды кездесулер, мерекелік концерттер, қайырымдылық акциялары мен мәдени-танымдық бағдарламалар өткізілді.
Аталған іс-шараларға аудан мектептерінен 31 933 оқушы қатысты.
Мерекелік іс-шаралар барысында оқушылар аға буын өкілдеріне ізгі тілектерін арнап, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолына құрмет білдірді. Сонымен қатар үлкенді сыйлау, ізет көрсету, мейірімділік пен қамқорлық таныту сынды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлінді.
Ұйымдастырылған іс-шаралар жас ұрпақтың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету мәдениетін қалыптастыруға және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталды.








