Қазақстанда агротуризм дамып келеді: Шымкенттегі банан фермасы туристерді тартуда

    Қазақстанда агротуризм туристік саланың перспективалы бағыттарының бірі ретінде дамып келеді. Ауыл шаруашылығы мен туризмді ұштастыратын бұл бағыт өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және туристерге жаңа тәжірибе ұсынуға мүмкіндік береді.

    Осындай жобалардың бірі – Шымкент қаласындағы «Банан бау» фермасы. Мұнда 5 гектар аумақта 7 мыңнан астам банан ағашы өсіріледі. Нысан ауыл шаруашылығы өндірісімен қатар, туристерге арналған танымдық демалыс орны ретінде де жұмыс істейді.

    Келушілер банан өсіру технологиясымен, жылыжай шаруашылығының ерекшеліктерімен, өнімді күтіп-баптау және жинау процесімен таныса алады. Фермада экскурсиялар ұйымдастырылып, отбасылық демалысқа және жергілікті өнімдерді сатып алуға жағдай жасалған.

    Қазақстанда агротуризмді дамыту үшін елеулі әлеует бар. Еліміздің әр өңіріндегі фермерлік шаруашылықтар, мал өсіру кешендері, жылыжайлар, омарта және ұлттық тағам өндіретін кәсіпорындар туристік маршруттардың құрамына енгізілуі мүмкін. Бұл ауылдық аумақтарға келушілер санын арттырып, туристік ағынды дәстүрлі демалыс орындарынан өзге бағыттарға бөлуге ықпал етеді.

    Аталған бағыттың тағы бір артықшылығы – жыл бойы туристерді қабылдау мүмкіндігі. Әсіресе жылыжай шаруашылықтары маусымға тәуелділікті азайтып, тұрақты экскурсиялық бағдарламалар ұйымдастыруға қолайлы.

    Шымкенттегі «Банан бау» фермасы ауыл шаруашылығының туристік өнім қалыптастырудағы мүмкіндіктерін көрсетеді. Мұндай бастамалар еліміздегі туристік ұсынысты әртараптандырып, өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін танытуға және Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі" жаңалықтары