ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астана қаласындағы Президент орталығында өтіп жатқан United World Wrestling-тің (UWW) кезекті конгресінде құттықтау сөз сөйледі. Жиынға халықаралық ұйымның басшылығы мен Ұлттық федерациялардың делегаттары қатысты.
Министр өз сөзінде бұл конгрестің Қазақстанда өтуі халықаралық спорт қоғамдастығының елге деген сенімінің белгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол күрестің қазақ халқы үшін айрықша маңызына және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне тоқталды.
«Күрес - халқымыздың мәдениетінде тамыры терең әрі бай дәстүрі бар спорт түрі. Ол төзімділікті, сабырлықты және қарсыласқа деген құрметке тәрбиелейді. Қазақ палуандарының жетістіктері - еліміздің мақтанышы әрі жас спортшыларға үлгі. Біз күресті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударуды жалғастырамыз», - деп айтты Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр алдағы әлем чемпионатын өткізудің жауапкершілігіне тоқталып, UWW президенті Ненад Лаловичке, ұйым басшылығы мен Ұлттық федерацияларға көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін алғысын білдірді.
«Ертең Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады. Қазақстан үшін бұл - үлкен жауапкершілік. Біз әлемнің ең мықты палуандарын лайықты қарсы алып, жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшімізді саламыз», -деді министр.
Конгрестің күн тәртібіне UWW президенті мен Бюро мүшелерін сайлау, ұйымның 2024-2026 жылдардағы қызметінің қорытындысын шығару, қаржы есебі, төрешілер мәселесі, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындық және іріктеу жүйесі енгізілген.
Басты тақырыптың бірі - Халықаралық күрес федерациясының 2026-2032 жылдарға арналған жаңа стратегиясы болмақ. Онда жастар мен мектеп спортын дамыту, әйелдер күресінің мүмкіндіктерін кеңейту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, маркетинг және коммерция бағытын күшейту, сондай-ақ басқару тиімділігін арттыру қарастырылған.
Айта кетейік, ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.





