Медициналық-әлеуметтік сараптаманы өту тәртібі

    Медициналық-әлеуметтік сараптамадан қалай өтуге болады?

    Мүгедектікті белгілеу тәртібі және медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту жолдары туралы жиі қойылатын сұрақтардың бірі – азаматқа қандай қадамдар жасау қажет?

    Бірінші кезекте не істеу керек?

    Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін азамат тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға жүгінуі қажет. Емдеуші дәрігер қажетті тексерулерді ұйымдастырып, азаматтың денсаулық жағдайын бағалайды.

    Медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу туралы мәселені дәрігерлік-консультациялық комиссия (ДКК) қарайды. Медициналық көрсетілімдер мен қолданыстағы талаптар болған жағдайда азамат МӘС-ке жолданады.

    Медициналық-әлеуметтік сараптама қалай жүргізіледі?

    МӘС Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

    Сараптама барысында медициналық құжаттар қаралып, денсаулық жағдайы, ағза функцияларының бұзылуы және адамның тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі бағаланады.

    Бағалау нәтижелері бойынша мүгедектікті белгілеу немесе белгілемеу, мүгедектік тобы мен мерзімін айқындау, сондай-ақ қажетті әлеуметтік қорғау шаралары мен оңалту ұсынымдарын анықтау мәселелері шешіледі.

    МӘС-ті сырттай өтуге бола ма?

    Иә. Заңнамада көзделген жағдайларда медициналық-әлеуметтік сараптама азаматтың медициналық құжаттары негізінде сырттай форматта жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте шешім ұсынылған медициналық құжаттар мен қолданыстағы талаптарға сәйкес қабылданады.

    Медициналық-әлеуметтік сараптаманың негізгі мақсаты – адамның денсаулық жағдайын, функционалдық шектеулерін және әлеуметтік қорғау мен оңалту шараларына қажеттілігін кешенді бағалау.

    Есте сақтаңыз: медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау мәселесі медициналық тексеру нәтижелері мен белгіленген тәртіпке сәйкес қаралады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Департаменті" жаңалықтары