Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау кезінде еңбек өтілі мен орташа айлық табыс ескеріледі. Орташа айлық табыс қатарынан кез келген 36 күнтізбелік айдағы кіріс негізінде есептеледі.
Орташа айлық табыс уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүзеге асырылған кіріске сай белгіленеді.
Осыған байланысты зейнетақы тағайындау кезінде азаматтың табысы туралы мәліметтер тексеріліп, көрсетілген жалақының міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарға сәйкестігі, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер салыстырылады. Қажет болған жағдайда қосымша құжаттар сұратылып, анықталған сәйкессіздіктер бойынша тиісті тексеру жүргізіледі.
Осы орайда азаматтарға зейнеткерлік жасқа дейін еңбек өтілін растайтын құжаттарын және табысы туралы мәліметтерін алдын ала тексеру ұсынылады.









