Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау

    Бүгін біз Қазақстан Республикасында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау және олардың қызметіне қойылатын негізгі талаптар туралы айтып өтеміз.
    Арнайы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайда жүрген азаматтарды қолдауға және олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасауға бағытталған.
    Оларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер жатады.
    Лицензиялау — көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
    Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетудің құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі. Лицензия беру тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 230 бұйрығымен, ал біліктілік талаптары 2024 жылғы 27 маусымдағы № 222 бұйрығымен, енгізілген өзгерістерді ескере отырып, белгіленген.
    Лицензиялауды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүзеге асырады. Лицензия Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады, бас лицензия болып табылады, иеліктен шығарылмайды және тегін беріледі.
    Лицензия алу үшін қандай талаптарды орындау қажет?
    Ұйым белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуге, қажетті үй-жайлармен, жабдықтармен, материалдық-техникалық базамен және білікті қызметкерлермен қамтамасыз етілуге тиіс.
    Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қызмет алушылардың құжаттамасын тиісті деңгейде жүргізу қажет.
    Талаптардың тізбесі қызмет көрсету нысанына байланысты болады: стационарлық, жартылай стационарлық жағдайларда, уақытша болу жағдайында немесе үйде қызмет көрсету. Үйде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін үй-жайларға қойылатын талаптарды қолданудың ерекшеліктері көзделген.
    Лицензия алу рәсімі қалай жүргізіледі?
    Ұйым белгіленген мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы өтініш пен қажетті мәліметтерді ұсынады. Бұдан кейін біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Қажет болған жағдайларда тексеру ұйымның орналасқан жеріне баруды қамтиды.
    Ұсынылған материалдарға сәйкес, құжаттардың толық топтамасы болған жағдайда, сәйкестікті тексеруді аумақтық бөлімше жеті жұмыс күні ішінде жүргізеді.
    Лицензия беруден бас тарту негіздеріне біліктілік талаптарына сәйкес келмеу, сондай-ақ лицензияланатын қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы жатады.
    Назар аударыңыздар: өтініш беру ғана жеткіліксіз. Ұйым барлық белгіленген талаптарға іс жүзінде сәйкес келуге тиіс.

    Үй-жайларға қатысты құжаттарды, қызметкерлердің біліктілігін, қажетті жабдықтардың болуын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және құжаттаманың толықтығын алдын ала тексеруді ұсынамыз. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен тиісті тізілімдердегі мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету маңызды.
    Уақтылы дайындық құжаттарды ресімдеу және лицензиялау рәсімінен өту кезінде қателіктерге жол бермеуге көмектеседі.
    Біздің ортақ міндетіміз — арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар үшін қауіпсіз жағдайлар жасау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Департаменті" жаңалықтары