Жетісу облысында полиция қызметкерлері Үшарал қаласының маңында заңсыз аңшылық фактісін анықтады. Құқық бұзушылыққа 31 жастағы ер адам қатысы бар екені белгілі болды.
Табиғатты қорғау полициясы мен Алакөл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлескен іс-шара барысында қала маңындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде аң аулау қағидаларының бұзылғанын анықтады.
Полицейлердің мәліметінше, ер адам заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген бір оқпанды аңшы мылтығын пайдаланып, заңсыз аңшылықпен айналысқан.
Аталған факті бойынша әкімшілік іс жүргізу материалдары жинақталды. Заңды шешім қабылдау үшін материалдар сотқа жолданады.
Полиция аңшылық белгіленген қағидалар мен заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін ескертеді. Қаруды заңсыз пайдалану және табиғат қорғау талаптарын бұзу әкімшілік жауаптылықтан бастап қылмыстық жауаптылыққа дейін әкеп соғуы мүмкін.








