Қазақстан Республикасының Республика күні қарсаңында Жетісу облысының полиция қызметкерлері Инновациялық мектеп оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізіп, жастардың интернетте және күнделікті өмірде кездесуі мүмкін қауіптер туралы түсіндірді.
Полицейлер оқушыларға әлеуметтік желілердегі қарапайым фотосуреттер мен жарияланымдардың өзі алаяқтардың құралына айналуы мүмкін екенін ескертті. Жасөспірімдерге жеке деректерді қорғаудың маңыздылығы және виртуалды кеңістікте сақ болу қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу барысында есірткі қылмысына да ерекше назар аударылды. Құқық бұзушылар жастарды жеңіл табыс табуға уәде беру арқылы есірткінің заңсыз айналымына тартуы мүмкін. Мұндай ұсыныстардың артында ауыр құқықтық салдар мен талай тағдырдың күйреуі тұрғаны айтылды.
Кездесудің негізгі мақсаты — күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, жеке деректерді қорғауға және әрбір әрекеттің салдарын ойлауға шақыру.
Ешбір жеңіл табыс жоғалған болашаққа тұрмайды!









