Демалыс күндері қарсаңында Жетісу облысының полицейлері азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Алкоголь ішсеңіз, көлік жүргізуден бас тартыңыз!
Талдықорған қаласында полицейлер алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың кезекті дерегін анықтады. Таңға жуық Полицияның жедел басқару орталығының бейнекамералары Ракишев көшесінде қозғалып бара жатқан күмәнді Mercedes-Benz автокөлігін тіркеген.
Көп ұзамай полицейлер көлікті тоқтатты. Рөлде 28 жастағы жергілікті тұрғын болған. Медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғанын растады.
Сот шешімі бойынша құқық бұзушыны 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы күтіп тұр.
Құрметті жүргізушілер! Демалыс күндерін жоспарлаған кезде үйге қауіпсіз оралу жолын алдын ала ойластырыңыз. Такси қызметін пайдаланыңыз немесе рөлге алкоголь ішпеген адамды отырғызыңыз.
Есте сақтаңыз: бірнеше минуттық қолайлылық адам өмірінен қымбат емес. Демалыңыз, бірақ өзіңізге және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірмеңіз!








