Ақтауда республика күніне орай мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті

    1 / 7

    Ақтау қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.

    Ұлттық мерекеге арналған іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ардагерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар, түрлі сала мамандары, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.

    Салтанатты рәсім барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бірге орындап, ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірліктің нышанына айналған мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті.

    Мерекелік жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Өмірзақ Өзғанбаев жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, мерекенің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті.

    Өз сөзінде ол Республика күні Қазақстанның жаңа даму жолына қадам басуына негіз болған тарихи кезең екенін жеткізді. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміз жаңғыра түскенін атап өтті.

    – Баршаңызды бүгінгі Республика күнімен құттықтаймын! Бұл күн еліміздің тарихында ерекше орын алады. Қазақстанның жаңа бағытта дамуына үлкен жол ашылды. Тәуелсіздіктің таңы атып, халқымыз еркін даму жолына түсті. Бүгінде еліміздің даму бағыты айқын. Қазақстан әлемдік аренада өз орнын қалыптастырып, жаһанға танылды. Тіліміз бен дәстүрлеріміз жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыздың мәртебесі артты. Қазақ жері әлемдік қауымдастық мойындаған мемлекетке айналды. Қазіргі таңда еліміз орта державалар қатарындағы орнын нығайтып, алға нық қадам басып келеді. Қазақ халқының абыройы артып, даму жолымыз жарқын, болашағымыз баянды болсын! – деді Өмірзақ Өзғанбаев.

    Іс-шара аясында қала жастары көлемі 9×4 метр болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде жайды.

    Мерекелік бағдарлама өңір өнерпаздарының патриоттық әндерімен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Полиция департаменті" жаңалықтары