Маңғыстау облысының Полиция департаменті Instagram әлеуметтік желісі арқылы жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, күдікті әлеуметтік желіде Қытайдан түрлі тауарларды, оның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан едәуір төмен бағамен сату және жеткізу туралы жарнамалар жариялаған.
Тауарларды жарнамалау үшін 360 мыңнан астам оқырманы бар танымал Instagram аккаунтының иесі тартылған. Тергеу нұсқасы бойынша, жарияланымдарда тауарлардың бар екені, олардың сапасы және Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі туралы ақпарат берілген.
Жарнамаларды көрген азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тауарлардың ақысын жеке кәсіпкердің есепшотына аударған. Алайда тауарларды жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелер орындалмаған. Тергеу деректеріне сәйкес, түскен қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.
Тергеу барысында ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника сатып алу үшін ақша аударған бірнеше жәбірленуші анықталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жалғасуда.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде сақ болуға, сатушының сенімділігін тексеруге және тауардың нарықтық бағадан едәуір төмен ұсыныстарына сыни көзқараспен қарауға шақырады.









