Ақтау полицейлері пәтерде қараусыз қалған екі бүлдіршінді құтқарды

    Ақтау қаласында полиция қызметкерлері өміріне қауіп төнген балалар туралы хабарламаға жедел әрекет етті.

    «102» арнасына 31Б шағынауданындағы №15 үйдің екінші қабатында кішкентай баланың ашық терезе маңында тұрғаны туралы хабарлама түсті. Бұл жағдай балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

    Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік полиция инспекторлары пәтерде 6 және 4 жастағы екі баланың ересектердің қарауынсыз қалғанын анықтады. Белгілі болғандай, балалардың әжесі су алуға төменге түсіп кеткен.

    Жағдайдың қауіпті екенін түсінген учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Абзал Анарбайұлы мен учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Асылбек Утепович Куженов балаларды құтқаруға дереу кірісті.

    Полицейлер екінші қабаттағы пәтердің терезесі арқылы ішке кіріп, екі баланы да қауіптен аман алып шықты. Қызметкерлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында балалар зардап шеккен жоқ.

    Маңғыстау облысының Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерге кішкентай балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауды ескертеді. Тіпті қысқа уақытқа ересектердің бақылауынсыз қалдырудың өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

    Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ересектің жауапкершілігі!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Полиция департаменті" жаңалықтары