Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы өзекті проблемалардың бірі апатты үйлер мәселесі бойынша жүйелі шаралар қабылданып, баспана мәселесі шешімін табуда. Облыс құрылғаннан бері апатты үйлердің тұрғындарына аудан орталығы Сарыөзек ауылында 120 жаңа пәтер берілсе, тағы бір 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап өтсек, Сарыөзектегі Рысқұлов, әл-Фараби көшелерінің бойындағы тозығы жеткен, 1960-1970 жылдары салынған, 240 отбасы тұратын ескі үйлер апатты деп танылған. Осы үйлердің тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында 2024 жылдан бері жүйелі жұмыс атқарылып келеді.
- Апатты үйлердің тұрғындарына 2024 жылы бір 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Жуырда жаңа 60 пәтерлі үйден пәтерлер тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы бір 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталады. Сонда Сарыөзектегі апатты үйлердің мәселесін толық шештік деп айта аламыз, - деп атап өтті облыс әкімі Б. Исабаев.
Сонымен қатар сатып алынған 127 жеке тұрғын үй кезекпен берілуде, бүгінгі күнге 80 үй табысталды. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға 157 жеке тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, келесі жылы үйлер кезекте тұрған отбасыларға беріледі.
Жуырда баспаналы болған азаматтардың бірі – көп балалы ана Мадина Досан.
- Бұған дейін тұрған үйіміз апатты деп танылған болатын. Сондықтан үй кезегіне тұрдық. Енді, міне, жуырда баспаналы болдық. Отбасында жолдасымыз екеуміз төрт бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Жаңа үйден үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын. Бұл Республика күніне жақсы сый болды, - деді ол.
Атап өтсек, Жетісу облысы бойынша биыл 4600 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотолар Кербұлақ ауданының әкімдігі ұсынды.









