Дене даярлығы – жауынгер шеберлігінің көрсеткіші

    1 / 4

    Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде жазғы оқу кезеңінің аяқталуына орай әскери бөлімдер мен мекемелерде қорытынды тексеру басталды. Жыл бойы өткізілген оқу-жаттығулардың нәтижесін саралап, әскери қызметшілердің даярлық деңгейін бағалайтын маңызды кезең Сарыөзек гарнизонында орналасқан 12740 әскери бөлімін де қамтып отыр.

    Қорытынды тексеру барысында жеке құрам мемлекеттік-құқықтық даярлық, жалпыәскери жарғылар, саптық, дене және атыс даярлығы бойынша өз білімдері мен дағдыларын көрсетеді. Бұл бағыттардың әрқайсысы әскери қызметшінің кәсіби деңгейін айқындауда маңызды рөл атқарады.

    Бүгін әскери бөлімнің жауынгерлері дене даярлығынан сынақ тапсырды. Дене даярлығы – әскери қызметшінің күнделікті қызметінде маңызды орын алатын бағыттардың бірі. Себебі жауынгердің кез келген тапсырманы сапалы әрі ширақ орындауы оның дене дайындығы мен төзімділігіне тікелей байланысты.

    Сынақ барысында әскери қызметшілер белгіленген нормативтерді орындап, күшін, жылдамдығын, ептілігі мен төзімділігін танытты. Әрбір жаттығу жауапкершілікпен орындалып, әскери қызметшілер оқу кезеңі бойы қалыптасқан дағдыларын іс жүзінде көрсетті.

    Сап түзеген сарбаздардың жүзінен жауапкершілік пен жігер байқалады. Өйткені қорытынды тексеру – жай ғана нормативтерді орындау емес, әскери қызметшінің жыл бойғы еңбегіне берілетін бағалардың бірі. Әрбір көрсеткіштің артында күнделікті жаттығу, табандылық пен өзіне деген талап жатыр.

    Бөлімдегі дене даярлығы сабақтары жүйелі түрде өткізіліп, әскери қызметшілердің физикалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Жаттығулар барысында жеке құрам тек белгіленген нормативтерді орындап қана қоймай, қиындықтарды жеңуге, алға қойған мақсатқа жетуге және өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауға үйренеді.

    Бөлім сержанты, 1-сыныпты сержант Нұржан Қожакановтың айтуынша, дене даярлығында жоғары нәтижеге бір күнде қол жеткізу мүмкін емес.

    – Дене даярлығы – әскери қызметшінің жауынгерлік қабілетінің маңызды құрамдас бөлігі. Қорытынды тексеруге дейін жеке құраммен дайындық жұмыстары тұрақты жүргізілді. Бүгін әрбір әскери қызметші өзінің даярлық деңгейін көрсетуге тырысты. Әрине, басты мақсат – тек жоғары нәтиже көрсету емес, әскери қызметшілердің кез келген жағдайда қойылған міндеттерді орындауға дайын болуын қамтамасыз ету. Жаттығулар барысында қалыптасқан төзімділік пен жігер әскери қызметте үлкен маңызға ие, – дейді бригада сержанты.

    Бүгінгі сынақ барысында әскери қызметшілер өз шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бірі жылдамдығын танытса, енді бірі күш-қуаты мен төзімділігін көрсетті. Алайда олардың барлығына ортақ қасиет – мақсатқа ұмтылыс пен жоғары жауапкершілік.

    Қорытынды тексеру әлі жалғасады. Алда әскери қызметшілерді басқа да маңызды пәндер бойынша сынақтар күтіп тұр. Әрбір кезең – оқу жылы ішінде жинақталған білім мен тәжірибені саралайтын кезекті белес.

    Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

    подполковник Абзал Сартаев

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Кербұлақ ауданының әкімдігі" жаңалықтары