Жетісу облысында Сарыөзек ауылын айналып өтетін жол төселді. Аталған айналма жол Кербұлақ ауданы тұрғындарының өтінішіне сәйкес салынды. Сол сияқты биыл жалпы ұзындығы ауылдардың 11 шақырым болатын 9 көшесіне орташа жөндеу жүргізілсе, келесі жылы Кербұлақ ауданының 5 ауылында көше жолдары жөнделеді. Сонымен қатар Байғазы ауылындағы көпірдің жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы аудан халқымен кездесуі барысында өңір басшысы Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің айтуынша, жол инфрақұрылымын дамыту бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мәселен, «Алматы – Өскемен» автомобиль жолының Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде және Талдықорған қаласының айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 км қамтитын орташа және күрделі жөндеу жобалары іске асырылуда. Бүгінгі күнге жөндеу 103 шақырымда аяқталды, қалған учаскелерде жұмыстар келесі жылы жалғасатын болады.
- Өткен жылы «Сарыөзек – Қорғас» бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы бітті. Ал биыл «Алацем» зауыты өз қаражаты есебінен «Сарыөзек-Көктал» автожолының бойында ұзындығы 38 шақырым болатын жүк көліктерінің қозғалысына арналған техникалық жол төсеуде. Сонымен қатар жаңадан салынған жолдарға шамадан тыс жүктеме түсірмеу үшін аталған жолдың 7-ші және 51-ші шақырымдарында автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылған. Сол сияқты тұрғындардың өтінішіне сәйкес Сарыөзек ауылын айналып өтетін 7 шақырым жол салынды, - деді Б. Исабаев.
Облыс әкімі жаңа бір станцияны «Сарыөзек-Алматы» тас жолының бойында орнату керектігін айтып, «Қазавтожол» мекемесінің жергілікті филиалы басшылығына келесі жылға бюджеттік өтінім әзірлеуді тапсырды.
- Жалпы, облыста жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі жыл соңына қарай 97%-ға жуықтайды. Біз ендігі кезекте негізгі назарды ауылдардың ішкі көше жолдарын жөндеуге бағыттаймыз, - деді облыс басшысы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков









