
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Жүнісбеков Жанат Төлегенұлының ұйымдастыруымен ауданымыздың ардагерлері мен қазыналы қарияларына арнап арнайы дастархан жайылды.
Іс-шараның басты мақсаты – ауданның дамуына елеулі үлес қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа дәріптеу.
Ақ дастархан басында қарияларға ізгі тілектер айтылып, ақжарма баталар берілді. Мерекелік басқосуда аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, қазыналы қарияларға әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер мен жүрекжарды музыкалық тартулар мерекелік шараның мазмұнын айшықтай түсті.
Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, қариясын төрге оздырған. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген халқымыздың даналығы аға буынның қоғамдағы орнының ерекше екенін айқындайды.
Барша ауданымыздың ардақты ардагерлері мен қазыналы қарияларын 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймыз!
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілейміз! Әрдайым ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене беріңіздер!









