Ел қорғаған ерлерден – ұстаздарға ізгі құрмет

    Ел қорғаған ерлерден – ұстаздарға ізгі құрмет

    5 қазан – Ұстаздар күніне орай Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінің жауынгерлері мен азаматтық персоналдары Кербұлақ ауданындағы білім беру ұйымдарының ұстаздарын арнайы құттықтап, оларға құрмет көрсетті.

    Әскери бөлім өкілдері Күреңбел қазақ орта мектебі мен Сарыөзек орта мектебіне барып, білім мен тәрбиенің қара шаңырағында еңбек етіп жүрген ұстаздарға ізгі тілектерін жеткізді. Мектеп ұжымдарына шағын сыйлықтар мен әсем гүлдер табысталып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

    Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың бойына отансүйгіштік, адамгершілік, жауапкершілік сынды асыл қасиеттерді сіңіретін тұлға.Елдің ертеңі болатын жас буынның қалыптасуында мұғалім еңбегінің орны айрықша.

    Әскери бөлім жауынгерлері мен азаматтық персоналдарының бұл бастамасы – ұстаз еңбегіне деген шынайы құрметтің көрінісі. Әсіресе, Отан қорғаушылар мен жас ұрпаққа білім беріп жүрген ұстаздардың өзара сабақтастығының мәні зор. Себебі екеуінің де басты мұраты – елдің тыныштығы мен болашағына қызмет ету.

    Мерекелік кездесуде мектеп мұғалімдеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс тілектер айтылды. Ұстаздар өз кезегінде әскери қызметшілерге көрсеткен ықыласы мен құрметі үшін алғыстарын білдірді.

    Осындай қарапайым да жүрекке жылы шаралар қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтып, елге қызмет етудің түрлі бағыттарының бір арнада тоғысатынын көрсетеді.

    Ұстазға құрмет көрсету – білімге, болашаққа және елдің ертеңіне құрмет көрсету.

    Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

    подполковник Абзал Сартаев

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Кербұлақ ауданының әкімдігі" жаңалықтары