
Мұғалімдер күні – балаларға білім әлемін танып-білуге күн сайын көмектесіп, алғашқы қадамдарын қолдап, еңбегімен олардың болашақ жолына ықпал етіп жүрген жандарға алғыс айтатын ерекше күн. Бұл күні кәсіби жетістіктері, өз ісіне адалдығы және білім саласына сіңірген көпжылғы еңбегімен өңірдің білім беру жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген педагогтерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты кеш Өнер орталығында өтті. Іс-шараға педагогтер, сала ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары және кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты. Көпшілік үшін бұл мереке әріптестерімен жүздесіп, құттықтаулар қабылдап, өзара жетістіктеріне бірге қуана алатын айрықша мүмкіндік болды.
Мұғалімдерді кәсіби мерекесімен облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады. Өз сөзінде ол педагог мамандығының маңыздылығына тоқталып, ұстаздың баланың білім деңгейін қалыптастырумен қатар, оның тұлғалық дамуына да зор ықпал ететінін атап өтті.
«Ұстаз – баланың тұлғасы мен құндылықтарын қалыптастыратын тәлімгер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы сапалы білім беруді қалыптастыру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуде педагогтің рөлін ерекше атап өтеді. Біз үшін білім сапасын арттыру және ұстаз мәртебесін нығайту – негізгі міндеттердің бірі. Бүгінде білім беру жүйесінің алдында үш маңызды басымдық тұр. Олар – конституциялық құндылықтар, жаңа қоғамдық этика және болашаққа ұмтылыс. Бұл бағыттар туралы айтып қана қоймай, оларды тәрбие жұмысына енгізу маңызды. Балаларға Заң мен тәртіпті, бірлік пен еңбекті, жауапкершілікті құрметтеуді үйретіп, адалдықты, білімге, ғылымға, мәдениетке, инновациялар мен заманауи технологияларға қызығушылықты қалыптастыру қажет», – деді Асхат Шахаров.
Бүгінде Ақтөбе облысының білім беру жүйесінде 29 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Биыл өңірдің білім беру ұйымдарына 400-ден астам жас мұғалім жұмысқа орналасты. Өңір басшысының айтуынша, сала мемлекеттің қомақты қолдауына ие. Алайда бұл мүмкіндіктер ең алдымен оқушылардың жетістіктері мен дамуы арқылы нақты нәтижелерден көрініс табуы тиіс.
Марапаттау рәсімі - Мерекелік кештің басты сәттерінің бірі. Білім беру саласындағы қажырлы еңбегі және елдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Ақтөбенің бес педагогіне Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік наградалар табысталды.
«Құрмет» орденімен педагогика саласының ардагері Гүлмараш Мұқашова, облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының директоры Қаракөз Тлеумағанбетова және М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицей-интернатының география пәні мұғалімі Мирамгүл Нұрбаева наградталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен Ақтөбе қаласындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 IT мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Жиенғазина және Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылындағы №2 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Әсемхан Жакупова марапатталды.
Сондай-ақ кеш барысында білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен және кәсіби тұрғыда жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұстаздар да марапаттарға ие болды. Өңірдің білім беру саласының өкілдеріне «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.
Облыстық «Ақтөбе облысының үздік педагогі» және «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» байқауларының жеңімпаздарына да ерекше құрмет көрсетілді. «Ақтөбе облысының үздік педагогі» атағына Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ғалымжан Ізімов және Ақтөбе қаласындағы №80 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жанат Ұлықпанова лайық деп танылған. Жеңімпаздардың әрқайсысына 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы берілді.
«Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағы Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Жайнагүл Әділоваға берілді. Оған 300 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы табысталды.
Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жоғары нәтижелері, өңірдегі білім сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін білім беру саласының 22 өкілі облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Кештің мерекелік атмосферасын концерттік бағдарлама толықтырды. Сахнадан әндер шырқалып, ұстаз еңбегіне, тәлімгерлікке және ұрпақтар сабақтастығына арналған алғыс сөздер айтылды.









