Ақтөбеде XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен өңір спортшыларын қабылдады.
Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өткен байрақты бәсекеде Ақтөбе облысынан ел құрамасына 20 спортшы енген болатын. Олар спорттың 9 түрінен бәсекеге түсті.
Аймақ басшысы Асхат Шахаров халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды - Еркінғали Бүркіталин, Қадырбек Шынбаев, Ерлік Сертай, Әділет Алмат, Нұрқанат Әжіқанов, Аяла Мерекені құттықтап, олардың жетістіктері өңір спортының дамуына серпін беретінін сөз етті.
Сондай-ақ, облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының 9 қарашада Ақордада халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылармен кездескенін еске салды. Президент отандық спортшылардың жетістіктері Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқанын атап өткен еді.
«Сіздер XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көріндіңіздер. Жеңістеріңіз – Ақтөбе өңірінің мерейі, бапкерлердің маңдай тері, ата-аналардың үміті, тұтас елдің қуанышы. Әрбір медальдың артында жылдар бойғы еңбек, темірдей тәртіп пен жеңіске деген сенім жатыр», – деді облыс әкімі.
Әсіресе, Азия пара ойындарында бақ сынаған спортшылардың жетістіктеріне баса назар аударылды. Аймақ басшысы олардың табандылығы мен қайсарлығы қоғамға үлгі екенін жеткізді.
Кездесуде өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды.
Соңғы үш жылда облыста 37 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бүгінде мектептердің спорт залдарын есептемегенде, өңірдегі спорт инфрақұрылымы нысандарының саны 770-ке жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 719 болған. Өңірде спортшыларды қолдау, жаттығу жағдайларын жақсарту және жаңа спорт инфрақұрылымын кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
«Біздің мақсатымыз – тек чемпиондар даярлау емес, спортты әрбір отбасының өмір салтына айналдыру, әрбір баланың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау. Біз спортшыларымыздың жетістіктерін жоғары бағалаймыз және оларды әрдайым қолдауға дайынбыз. Спортшының жетістігі – бапкердің де жеңісі. Сондықтан шәкірттерін жеңіске жетелеген барлық жаттықтырушыға алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.
Кездесу соңында спортшылар мен олардың бапкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ қатысушыларға сөз беріліп, жарыстарға дайындық барысы мен алдағы жоспарлары туралы пікір алмасты.
«Біз Азия ойындарында бүкіл қазақ елінің қолдауын айырықша сезіндік. Мемлекет басшысының қабылдауында болдық, құрметке бөлендік. Президентінің қолынан марапат алу – біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Еліміздің спорт саласына көрсетіп отырған қамқорлығының арқасында жастар әлемдік додаларда бақ сынап, армандарына қол жеткізіп жүр.
Осы орайда, өңіріміздегі спорттың дамуына қолдау көрсетіп, бізге әрдайым демеу болып жүргеніңіз үшін Сізге де алғысымыз шексіз», - деді Семсерлесуден XX жазғы Азия ойындарының чемпионы Ерлік Сертай.
Айта кетейік, халықаралық жарыстарда қол жеткізілген нәтижелер Ақтөбе өңірінде кәсіби және бұқаралық спортты дамыту жұмыстарының маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









