Ақтөбеде асық атудан «Respublica» республикалық турнирі өтті

    1 / 8

    25 қазанда Республика күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында асық атудан дәстүрлі «Respublica» республикалық ашық турнирі өтті.

    Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің 19 өңірінен іріктеліп шыққан 38 үздік спортшы қатысты. Турнирдің басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, халқымыздың мәдени мұрасын сақтау және асық ату спортының дамуына ықпал ету.

    Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Олжас Құспеков, Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, асық ату спортының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері Жомарт Сабыржанов және Қазақстанның асық ату ұлттық федерациясының президенті Марал Ниталиев қатысты.

    Турнирдің құрметті қонақтары қатарында Малайзияның Сұлтан Идрис атындағы педагогикалық университетінің профессорлары Че Залина мен Мухаммад Фазлы Таиб Саерани болды. Шетелдік қонақтар биыл желтоқсан айында Ақтөбе қаласында өтетін асық атудан әлем чемпионатына Малайзия құрамасын алып келу ниеттерін білдірді. Сонымен қатар оларға ұлттық спортты өз елдерінде дамытуға қолдау көрсету мақсатында асық жиынтықтары табысталды.

    Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:

    І орын – Ғарышбек Құлыбек (Ақтөбе облысы) – автокөлік;

    ІІ орын – Әлинұр Берікқазыұлы (Абай облысы) – 1 миллион теңге;

    ІІІ орын – Ғалымжан Сейілханов (Қызылорда облысы) – 500 мың теңге.

    Ақтөбе облысының намысын қорғаған Ғарышбек Құлыбек екінші жыл қатарынан турнир жеңімпазы атанып, бас жүлдеге тігілген автокөлікті иеленді. Өткен жылы Шымкент қаласында өткен жарыста да топ жарған жерлесіміз осылайша турнир тарихында екі мәрте автокөлік жеңіп алған алғашқы спортшы атанды. Жеңімпазға автокөлік кілтін Олжас Құспеков салтанатты түрде табыстады.

    Турнир қорытындысында келесі жылғы республикалық жарыстың Арқалық қаласында өтетіні хабарланды.

    Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Ұлттық спортымыздың дамуына үлес қосып жүрген спортшыларға алдағы жарыстарда толағай табыс тілейміз!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары