Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қаладағы №8 орта мектепке барды.
Білім беру орны 2012 жылы пайдалануға берілді. Уақыт өте келе, мұнда оқушы саны артып, жапсарлас ғимарат салу мәселесі көтерілді. Биыл жоспарланған 300 орындық корпустың құрылысы аяқталып, жаңа оқу кабинеттері пайда болды, туындаған орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты.
Бүгінде мұнда 1368 бала білім алады. Жобаның жалпы құны шамамен 1,7 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын «Омад Құрылыс Компаниясы» ЖШС жүргізді.
Жаңа ғимаратта бастауыш сыныптарға арналған 13 кабинет пен 4 информатика кабинеті жабдықталған. Оқу бөлмелері қажетті жиһаздар, оқу құралдары және материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар корпуста асхана, спорт залы, кітапхана, медициналық кабинет және көркем еңбек шеберханасы бар. Бұл оқушылардың білім алуына және сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
Облыс әкімі салаға жауапты басшыларға жаңа оқу корпусын тиімді пайдалануды, оқушылар мен педагогтерге қолайлы жағдай жасауды және білім беру ортасының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.








