Алжир, 2026 жылғы 25 қазан – Қазақстанның Алжирдегі Елшілігі алжирлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жетістіктеріне және Қазақстан-Алжир қатынастарын одан әрі нығайту перспективаларына арналды.
Журналистерге Мемлекет басшысының 2026 жылғы 23 қазанда Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінің негізгі мазмұны таныстырылды. 2019 жылдан басталған соңғы жеті жылдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының шамамен 30%-ға өскені, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемінің алғаш рет 15 мың АҚШ долларынан асқаны атап өтілді. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына жалпы сомасы 2,5 миллиард АҚШ доллары аударылды. Бір жыл ішінде елде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, ал жеңіл және жүк көліктерінің жылдық өндірісі 150 мың бірліктен асты. Білім беру инфрақұрылымын дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінуде: 1 483 балабақша ашылып, 1 342 мектеп салынды, жалпы сомасы 1,5 триллион теңгені құрайтын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді.
БАҚ өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қол жеткізілген Қазақстанның жоғары даму көрсеткіштеріне тәнті болды.
Іс-шараның қатысушыларына екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы да ақпарат берілді.
Қазақстанның Елшісі Әнуарбек Ахметов ауыл шаруашылығы, энергетика және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы әріптестікті кеңейту әлеуетіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ мәдени алмасулар мен туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің арнайы қонағы Қазақстандағы Алжирдің алғашқы Елшісі, Алжир Конституциялық кеңесінің бұрынғы төрағасы Камель Фенниш болды. Ол өзінің дипломатиялық миссиясы туралы естеліктерімен, Қазақстан жөніндегі жеке әсерлерімен және екіжақты қатынастарды дамыту тәжірибесімен бөлісті. Оның сөзі Қазақстан мен Алжир арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасу тарихы мен оны одан әрі нығайту перспективаларын талқылауға маңызды үлес қосты.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. БАҚ өкілдері сұрақтар қойып, пікір алмасып, Қазақстанның дамуы, халықаралық ынтымақтастығы және Алжирмен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.








