Қарағанды облысының Шет ауданындағы Өспен ауылында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында 300-ші ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды.
Жаңа бекет тез құрастырылатын құрылымдардан салынған және ауылдық елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Оның қызмет көрсету аймағына Еркіндік, Айса және Айғыржал ауылдарын қоса алғанда, төрт елді мекен кіреді. Бұл аумақта 1 400-ден астам адам тұрады.
Өрт пен басқа да төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін алты адамнан тұратын жеке құрам жасақталған. Оның ішінде екі жүргізуші және төрт өрт сөндіруші бар. Бекет АЦ-2,5-40 өрт сөндіру автоцистернасымен (ЗИЛ автокөлігі базасында), бір стационарлық және екі тасымалды радиостанциямен жабдықталған.
Жаңа бекеттің ашылуы оқиға орнына жету уақытын қысқартуға, өртті сөндіру жеделдігін арттыруға және ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін сенімдірек қорғауға мүмкіндік береді.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғай елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Мұндай бекеттердің ашылуы тұрғындардың шұғыл көмекке қолжетімділігін арттырып, ауыл халқының қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.







