Баршаңызды еліміздің басты мерекесі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, мемлекеттігімізді айқындаған, ел тарихындағы айрықша күн. Республика күні – ұлттық бірлігіміз бен елдігіміздің символы.
Бүгінде Қазақстан жаңғыру мен даму жолында сенімді қадам басып келеді. Мемлекет басшысының «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда жауапкершілік пен әділдікті нығайтуға, заңға құрмет пен табиғатқа жанашырлықты қалыптастыруға бағытталған.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда министрліктің де орны ерекше. Бұл бағытта біз құтқару қызметтерінің дайындығын арттырып, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеміз.
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу әрбір қызметкердің біліктілігіне, жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығына тікелей байланысты. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары кәсібилік пен Отанға қызмет ету жолындағы адалдығын танытып жүрген жеке құрамға шынайы алғысымды білдіремін.
Отанға деген адалдық пен халық алдындағы жауапкершілік әрдайым биік болсын! Еліміз тыныш, халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Республика күні құтты болсын!








