Құрметті Отандастар!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – халқымыздың азаттық жолындағы асқақ арманын айшықтайтын, елдігімізді еңселендіріп, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдейтін ерекше мереке.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздікке бастар тарихи жолына тың серпін берілді. Сондықтан, бұл күннің халқымыз үшін мәні де, маңызы да айрықша.
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы, бүгінгі ұрпақтың баға жетпес бақыты әрі келер ұрпақ алдындағы аманаты. Еліміздің бейбіт аспаны, берекелі тіршілігі мен жарқын болашағы – баршамыз үшін ең қымбат құндылықтар.
Мақтаарал ауданы – еңбекқор халқымен, дархан көңілімен, берекелі тіршілігімен ерекшеленетін қасиетті өлке. Ынтымағы жарасқан ауданымыздың өркендеуі мен дамуы – әрбір мақтааралдықтың ортақ еңбегінің жемісі.
Бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының сапасын жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осы игілікті істердің барлығының негізінде туған жеріне жанашырлықпен қарайтын, адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымыздың табанды еңбегі жатыр. Диқанның маңдай тері, ұстаздың ұлағаты, дәрігердің жанашырлығы, еңбек адамының жауапкершілігі – ауданымыздың дамуына қуат беретін басты күш.
Біздің ең үлкен байлығымыз – бірлігіміз бен татулығымыз. Әрбір шаңырақта тыныштық орнап, әр отбасында қуаныш пен молшылық болса, ауданымыздың да мерейі үстем болмақ. Сондықтан, елдік мүдде жолында күш біріктіріп, жасампаз еңбекпен туған өлкеміздің өркендеуіне бірге үлес қоса берейік!
Республика күні әрқайсымыздың жүрегімізге отансүйгіштік сезім ұялатып, ел алдындағы жауапкершілігімізді тереңдете түссін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік, абыройы асқақ, болашағы жарқын болғай!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін.
Республика күні құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы









