1 / 11
25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеруге арналған салтанатты рәсім өтті. Елдік пен бірлікті, тәуелсіздік пен отаншылдықты дәріптеген тағылымды іс-шара Мырзакент кентінің орталық алаңында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «2037» әскери бөлімінің сарбаздары мен аудан тұрғындары қатысты.
Мемлекетіміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі – Республика күні елдігімізді айшықтап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін терең сезіндіретін ерекше күн. Бұл мереке – халқымыздың азаттық жолындағы тарихи таңдауын, мемлекеттілігіміздің қалыптасуын және егемен ел ретінде қол жеткізген жетістіктерімізді айқындайтын маңызды белес.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көкке көтерілді. Көк байрағымыздың биікте желбіреуі – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының, бейбітшілігі мен тұрақтылығының жарқын нышаны. Тудағы алтын күн мен қыран бейнесі халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімін, еркіндікке деген ұмтылысын және биік мақсаттарын білдіреді.
Салтанатты рәсім кезінде жиналған қауым қолдарын жүрек тұсына қойып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын жаппай шырқады. Әнұранның асқақ үні алаңға жиналған жұрттың бойына отаншылдық рух ұялатып, елге деген сүйіспеншілік пен ортақ жауапкершілік сезімін нығайта түсті.
Айта кетейік, мұндай тағылымды шаралар мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары өкілдері мен аудан тұрғындарының бір алаңда бас қосуы елдік мұрат жолындағы ортақ мақсат пен ынтымақтың маңызын айқындай түсті.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі









