Астанадағы Н. Назарбаев халықаралық әуежайында V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған елордалық пара жеңіл атлет Айсұлу Сүлейменованы салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спортшыны «Елорда» спорт клубының ұжымы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жақындары күтіп алып, жетістігімен құттықтады.
Айсұлу Жапонияда өткен құрлықтық додада 100 метрге жүгіруден өз спорттық класында Азия рекордын жаңартты.
«Әр жарыс, әр жаттығу мені осы нәтижеге жақындатты. Таблодан өз атымды көріп, Азия рекордын жаңартқанымды білгенде, алғашында сене алмадым.
Нәтижеге бірнеше рет қайта қарадым. Өзімді мақтан тұтамын! Енді бұл жетістік тарихта Қазақстан спортшысы жаңартқан Азия рекорды ретінде қалады», – деді Айсұлу Сүлейменова.









