Брюссельде Қазақстанның Бельгиямен және ЕО-мен әріптестігінің перспективалары талқыланды

    1 / 10

    Брюссель, 2026 жылғы 23 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Өкілдігінің басшысы Роман Василенко Press Club Brussels Europe баспасөз клубында Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындыларына, сондай-ақ Қазақстан–Бельгия және Қазақстан–Еуропа ынтымақтастығының перспективаларына арналған брифингте сөз сөйледі.

    Талқылауға Бельгия Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия және Кавказ департаменті директорының орынбасары Г. Дюбуа, Еуропалық кеңес Президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Мэрилин Джозефсон, дипломатиялық корпус, бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.

    Өз сөзінде Р. Василенко 12–14 қазанда өткен Бельгия монархының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарының тарихи маңызын атап өтіп, оның екі ел арасындағы саяси диалогты нығайтудағы және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудегі маңызды рөліне тоқталды.

    Елші сапардың нақты нәтижелеріне жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, сапар барысында мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдап, ал екі елдің сыртқы істер министрліктері 2027–2029 жылдарға арналған ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойды. Сапар аясында 16 коммерциялық келісім мен университеттер және ғылыми мекемелер арасындағы 22 келісімді қоса алғанда, жалпы 40 құжат туралы жарияланды.

    Көлік және логистика, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және жоғары технологиялар салаларында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Антверпен-Брюгге порты мен Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ аса маңызды шикізатты өңдеу, ғылыми зерттеулер және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары атап өтілді.

    Р. Василенко соңғы онжылдықта екіжақты тауар айналымы үш еседен астам өсіп, 2025 жылы шамамен 765 млн еуроға жеткенін хабарлады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 100-ден астам бельгиялық компания қызмет атқаруда.

    Еуропалық Одақпен ынтымақтастық тұрғысында Елші Қазақстанның Орталық Азиядағы ЕО-ның негізгі сауда-экономикалық әріптесі ретіндегі маңызын атап өтті. 2025 жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 45 млрд АҚШ долларынан асты. Одан әрі өзара іс-қимылдың басым бағыттары ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту, энергетикалық қауіпсіздік, аса маңызды шикізат және цифрлық технологиялар айқындалды.

    Осы орайда дипломат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы маусым айында Брюссельге жасаған сапарының және 2025 жылғы сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – ЕО» алғашқы саммитінің маңызын да атап өтті.

    Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Р. Василенко еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне, жүргізіліп жатқан саяси реформаларға және цифрлық трансформацияның басым бағыттарына арнайы тоқталды.

    Өз кезегінде Бельгия СІМ өкілі Г. Дюбуа мемлекеттік сапардың нәтижелеріне жоғары баға беріп, оның саяси, экономикалық және академиялық бағдарламасының мазмұнды әрі ауқымды болғанын атап өтті. Оның айтуынша, құрамында 115 адам болған бельгиялық делегацияның қатысуы, сондай-ақ Астана мен Алматыда өткізілген іс-шаралар екі елдің іскерлік және ғылыми топтары арасында тікелей байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

    Бельгиялық дипломат сондай-ақ биылғы 1 қарашадан бастап Бенилюкс мемлекеттері мен Қазақстан арасындағы қызметтік паспорт иелеріне арналған визасыз режим туралы келісімнің күшіне енетініне назар аударды. Бұл ресми байланыстардың, соның ішінде Еуропалық Одақ институттарымен өзара іс-қимылдың жандануына ықпал етпек.

    Еуропалық кеңес Президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Мэрилин Джозефсон өз сөзінде ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестікті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары экономикалық байланыстарды әртараптандыру және өзара байланыстылықты нығайту екенін атап өтті. Ол цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, энергетикалық қауіпсіздік, жаңартылатын энергия көздері, жасыл сутегі және аса маңызды шикізат салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын ерекше атап көрсетті.

    ЕО өкілі Еуропалық Global Gateway бастамасының флагмандық жобасы мәртебесіне ие болған Транскаспий көлік дәлізіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттың әлеуетін толық іске асыру үшін теміржол және порт инфрақұрылымына, логистикалық орталықтарға инвестиция тарту, сондай-ақ шекаралық және сауда рәсімдерін жеңілдету қажет. М. Джозефсон 2025–2026 жылдары жоғары деңгейдегі саяси диалогтың жандануынан кейін сауда мен инвестиция көлемін ұлғайту, ғылыми-білім беру және іскерлік байланыстарды кеңейту түріндегі нақты нәтижелерге қол жеткізу басымдыққа айналуға тиіс екенін атап өтті.

    Талқылау барысында қатысушылар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың алдағы қадамдары, инвестициялар тарту, көлік байланыстылығын дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Бельгияның кәсіпорындары, университеттері және ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары