ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРЫҚ АУЫЛЫНДА ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

    1 / 7

    23 қазан күні Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында аудан басшылығының қатысуымен халық алдындағы есептік кездесу өтті. Жиын барысында Құрық ауылының әкімі Сыдиық Есенкелдіұлы 2026 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы кең көлемді баяндама жасады.

    Ауыл әкімінің берген мәліметіне сәйкес, бүгінде Құрық ауылы мен оған қарасты «Маңғыстау жері» және «Қарақия станциясы» елді мекендеріндегі тұрғындардың жалпы саны 11 612 адамды құрайды. Өңірде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, экономикалық белсенділікті көтеру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

    Жиында ауылдың инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру шағраларына да баса назар аударылды. Бүгінде Құрық ауылы орталықтандырылған ауыз сумен, табиғи газбен және тұрақты электр желісімен 100 пайыз қамтылған. Биыл «Карьер ауыл» мен «М.Әуезов» көшелеріне жаңа су желілері тартылып, іске қосылды. Сондай-ақ тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуды әрі қарай жақсарту үшін ауыз су тарату бекеті аумағынан 2000 текше метрлік 2 дана су сақтау қоймасының құрылысы аяқталып, толық іске қосылды. Ауылдағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырларын жаңарту, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 1-ші шағын аудандағы бірқатар тұрғын үйлердің құрылыс-жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді.

    Ауылдағы кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салалары да тұрақты даму үстінде. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» жобасы аясында бірқатар жаңа жобалар мақұлданып, қаржыландырылды. Қызылқұм жеріндегі егін шаруашылығын дамыту және жылыжайларды көбейту мақсатында 26,1 шақырым газ құбыры тартылып, қазіргі таңда тиісті балансқа беру жұмыстары жүргізілуде. Есептік кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

    Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі





    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары