Брюссель, 2026 жылғы 12 қазан - Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай еліміздің Мемлекеттік Туы Брюссельдің әйгілі Гран-Плас алаңында орналасқан қалалық әкімдік ғимаратында алғаш рет көтерілді.
Брюссель қаласының билігі мен Бельгия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өткен бұл шара екі ел арасындағы достықтың, өзара құрмет пен нығайып келе жатқан әріптестіктің символына айналды.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Гран-Плас алаңында өткен шараға Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің өкілдері, қазақстандық студенттер, Бельгияда тұратын отандастарымыз, сондай-ақ туристер мен қала қонақтары қатысты.
Аталмыш шараға ұлттық киім киген қазақстандық студенттер ерекше сән берді. Олар флешмоб ұйымдастырып, музыкалық өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, шара қонақтары қазақ мәдениетімен жақынырақ танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.
«Қазақстанның Туын Брюссельдің қақ ортасында көру — біз үшін үлкен қуаныш. Біз осында білім алып, бельгиялық мәдениетпен танысып қана қоймай, достарымызға Қазақстанды таныстыруға да тырысамыз. Осындай іс-шаралар елдеріміздің арасындағы байланысты нығайтып, халықтарымызды жақындастыра түседі», — деді «Qazaq Society in Belgium» студенттік ұйымының жетекшісі Назгүл Нұрғали.
Қазақстанның Мемлекеттік Туының Брюссель қалалық әкімдігі ғимаратында көтерілуі екі ел арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықтың нығая түскенін айғақтайтын маңызды оқиға болды.








