Дипломнан да маңызды: Бельгиядағы қазақ жастары тың бастамалар ұсынды

    1 / 7

    Брюссель, 2026 жылғы 22 қазан — Республика күні қарсаңында және Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Бельгия мен Люксембургтің жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен кездесті.

    Еркін пікір алмасу барысында жастарға ашылып жатқан мүмкіндіктер, білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан мен Еуропа арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар талқыланды.

    «Бүгінде шетелде диплом алумен ғана шектелмей, алған білімдеріңізді, жинаған тәжірибелеріңіз бен орнатқан байланыстарыңызды өз идеяларыңызды жүзеге асыруға пайдалану маңызды. Қазақстан мен Бельгия арасындағы келесі табысты жоба, бәлкім, дәл осы отырған жастардың бірінің ұсынысынан бастау алар», — деді Роман Василенко.

    Кездесуде Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары нәтижесінде ашылған жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, екі елдің жоғары оқу орындары ректорларының форумы аясында академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ білім беру бағдарламаларын іске асыруға жол ашатын 22 келісім мен меморандумға қол қойылғаны атап өтілді.

    Qazaq Society студенттер қауымдастығының жаңадан сайланған төрайымы Назгүл Нұрғали ұйымның қызметімен таныстырып, білім беру, мәдениет және қоғамдық бастамалар бағытындағы алдағы жоспарларымен бөлісті.

    «Біз Qazaq Society қауымдастығының қазақстандық жастар бас қосып, бір-біріне қолдау көрсететін орта ғана емес, тың идеялар ұсынып, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын әрі еуропалықтарды бүгінгі Қазақстанмен жақынырақ таныстыратын алаң болғанын қалаймыз», — деді Назгүл Нұрғали.

    Кездесу барысында студенттер өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, Елшілікпен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ қазақстандық жастардың басын қосып, ұлттық мәдениетті кеңінен танытуға бағытталған іс-шараларды жаңа форматта өткізу жөнінде ұсыныстар айтылды.

    Солардың бірі — Қазақстан және оның Еуропамен қарым-қатынасы тақырыбында жыл сайын эссе және шығармашылық жобалар байқауын ұйымдастыру. Оған қазақстандық жастармен қатар бельгиялық және өзге елдердің студенттерін де тарту ұсынылды.

    Іс-шара аясында интерактивті викторина ұйымдастырылып, студенттер дипломаттармен еркін пікір алмасты. Жастар өздерін қызықтырған практикалық мәселелерді, соның ішінде консулдық қызметке қатысты сұрақтарды да талқылауға мүмкіндік алды.

    Кездесу Бельгия мен Люксембургтегі қазақстандық студенттер арасындағы байланысты нығайтуға, олардың ортақ бастамаларын қолдауға және Елшілікпен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары