Қазақстан мен Бельгия көлік, «жасыл» энергетика және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

    Қазақстан мен Бельгия көлік, «жасыл» энергетика және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

    Брюссель, 2026 жылғы 6 қазан – Бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға тарихтағы алғашқы мемлекеттік сапары қарсаңында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Бельгияның Ұтқырлық, климат, экологиялық өтпелі кезең және орнықты даму мәселелері жөніндегі федералдық министрі Жан-Люк Крюкемен кездесті.

    Тараптар көлік және логистика, жаңартылатын энергетика, өнеркәсіпті декарбонизациялау, аса маңызды шикізат материалдары, «жасыл» технологиялар және орнықты даму салаларындағы қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның көлік және энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға озық бельгиялық технологиялар мен инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылды.

    Елші өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияны тереңдету үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті. Қазақстан Еуропалық одақ аса маңызды деп айқындаған шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіреді және бельгиялық әрі еуропалық әріптестермен бірлесіп, шикізат экспортынан оны терең өңдеуге, технологиялар трансферіне және жоғары қосылған құны бар өндірістер құруға көшуге мүдделі.

    Ж.-Л.Крюкенің қатысуы жоспарланып отырған Бельгия монархының Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарына ерекше назар аударылды. Тараптар сапар практикалық өзара іс-қимылға қосымша серпін беріп, бельгиялық министрдің құзыретіне кіретін салаларда жаңа бірлескен жобаларды айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

    Әңгіме барысында Ж.-Л.Крюке 2019 жылы Валлонияның бюджет, қаржы, әуежайлар және спорт инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі министрі лауазымында Қазақстан мен Бельгия футбол құрамалары арасындағы кезекті матчқа байланысты Астанаға жасаған бұрынғы сапарын жылы ықыласпен еске алды. Қазақстан астанасындағы синагогаға барғанын ерекше атап өтіп, елдегі қалыптасқан конфессияаралық келісім ахуалына оң бағасын берді. Осы орайда Елші Қазақстанның дәстүрлі түрде этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

    Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде декарбонизация, циркулярлық экономика, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және «жасыл» технологияларды енгізу мәселелері жеке талқыланды.

    Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бельгия арасындағы экономикалық өсуді, өнеркәсіптік жаңғыртуды және климаттық мақсаттарға қол жеткізуді ұштастыратын, нақты жобаларға бағдарланған прагматикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік расталды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары