Жамбыл облысында үш мыңға жуық пәтер салынуда

    Жамбыл облысында үш мыңға жуық пәтер салынуда
    Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты баспанамен қамту және жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
    Жиында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орумбаев биыл кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуге 20 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Жыл соңына дейін 2 035 азаматты тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.
    Бүгінде облыста бюджет қаражаты есебінен 2 941 пәтерге арналған 66 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 35-і, яғни 1 685 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тараз қаласының 15-шағынауданында қазірдің өзінде 345 пәтерлі 5 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға берілді.
    Сонымен қатар Тараздағы Асқаров көшесі бойындағы жаңа тұрғын алқапта 1 176 пәтерге арналған 30 несиелік үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, 1 800 пәтерге арналған тағы 36 үйдің жобасы әзірленді.
    Әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда жоспарланған 350 пәтердің 92-сі сатып алынды.
    – Облыста бюджет қаражаты есебінен ондаған көпқабатты үй салынып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға баспана сатып алынуда. Дегенмен, біз үшін басты көрсеткіш – пайдалануға берілген пәтерлердің саны емес, олардың сапасы. Бюджет қаражатына салынған немесе сатып алынған әрбір пәтер қауіпсіз, жайлы әрі қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Сапа бірінші орында болуы керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
    Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Исабековтің айтуынша, биыл «Отбасы банк» арқылы 1 636 жалдамалы пәтер бөлуге жолданған. Оның 1 249-ына азаматтардан оң шешім алынған.
    Жер учаскелерін алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімін өзектендіру және жер телімдерін резервке қою жұмыстары туралы облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов баяндады.
    Қазіргі таңда өңірде жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу үшін кезекте тұрған 260 197 азаматтың тізімі жаңартылуда.
    Ербол Қарашөкеев бұл жұмыстың созбалаңға салынуына сын айтып, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне кезектегі азаматтардың деректерін өзектендіруді және жер учаскелерін резервке қоюды жеделдетуді тапсырды.
    Сондай-ақ тұрғындарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерін беруді жеделдету, белгіленген кезектілік тәртібін қатаң сақтау тапсырылды. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, туындаған мәселелер мен оларды шешу мерзімдері туралы ақпаратты тұрақты түрде ұсынып отыру міндеттелді.
    Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі салынып жатқан тұрғын үй нысандарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды, мердігерлермен жұмысты күшейтуді, жалдамалы және несиелік пәтерлерді бөлуді жеделдету міндеті қойылды.
    Бұдан бөлек, құрылыс құнын қымбаттатып, жұмыстың мерзімін созуға әкелуі мүмкін жобаларға негізсіз өзгерістер енгізуге жол бермеу жөнінде тапсырма берілді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының әкімдігі" жаңалықтары