ШҚО аудандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар енгізілуде

    Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандарда жедел басқару орталықтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жүйе полиция жұмысының тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Эльдар Қарсақбаев айтып өтті.

    Оның айтуынша, жедел басқару орталықтарын аудан деңгейіне дейін дамыту Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Орталықтардың негізгі міндеті - «102» арнасына келіп түсетін хабарламаларды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыру, сондай-ақ полиция күштері мен құралдарын жедел басқару.

    Аудан орталықтарының әрқайсысында 77 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камералардан алынған бейне облыстық орталық пен Ішкі істер министрлігіне жіберіледі. Бұл қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау үшін әр аудан орталығында бес автоматтандырылған құқық бұзушылықты тіркеу кешенін орнату көзделген. Олар жолдағы жағдайды бақылап қана қоймай, көлік құралдарының қозғалысын тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл іздеуде жүрген немесе қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкін көліктерді жедел анықтауға көмектеседі.

    Бейнебақылау жүйелері бейнеаналитика және тұлғаларды тану функцияларымен де жабдықталған. Жүйеде жинақталатын деректер қылмыстарды ізін суытпай ашу кезінде жедел талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әуеден патрульдеу, іздестіру және жедел-іздестіру іс-шараларында пайдалану үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қарастырылған.

    Алдағы уақытта «аудан - облыс - орталық» деңгейінде ведомствоаралық цифрлық радиобайланыс жүйесін енгізу жоспарланып отыр. DMR стандартына негізделген бұл жүйе полиция, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұлан, Қылмыстық-атқару жүйесі және денсаулық сақтау саласының құрылымдарын өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.

    Эльдар Қарсақбаевтың айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алып, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға болады.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары