Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының көшелерін аралап, жол жөндеу барысымен және жаңа тұрғын үй кешендері маңындағы абаттандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Негізгі назар көлік қозғалысын жеңілдетуге, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға аударылды.
Алдымен Әлия Молдағұлова мен Халықтар достығы көшелерінің қиылысындағы жол құрылысы тексерілді. Мұнда Күлeнов кентінен Самар тасжолына шығатын қосымша жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа жол тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, әсіресе таңертең Әлия Молдағұлова көшесінде қалыптасатын кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар орындалып, асфальт төселген. Бордюрлерді орнату және іргелес аумақты ретке келтіру жұмыстары қалған.
Аймақ басшысы мердігерлерге құрылысты созбалаңға салмай, сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ іргелес жол учаскелеріндегі шұңқырларды жөндеп, теміржол өткелдері арқылы көліктің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Қосымша жолдар көлік қозғалысын оңтайландырып, тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартуға көмектеседі. Сонымен қатар кептелісте тұрған көліктердің азаюы ауа сапасына да оң әсер етеді. Сондықтан жұмысты сапалы орындап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрған кезде барлық кемшілікті жою қажет», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Қ.Сәтбаев даңғылының бойымен Самар тасжолына қарай салынған жаңа жолды қарап шықты. Бұл учаске де қаладағы көлік ағынын реттеуге және жол желісінің өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Жұмыс сапары барысында жаңа тұрғын үй кешендерінің айналасын абаттандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бейбітшілік пен Қайсенов көшелерінің қиылысында орналасқан «Золотой квадрат» тұрғын үй кешені мен «Тұмар групп» компаниясының нысандары маңындағы жағдай қаралды.
Қалада жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің салынуы тұрғын үй қорын кеңейткенімен, оған ілеспе инфрақұрылымды алдын ала жоспарлау қажеттігін де көрсетеді. Атап айтқанда, автотұрақтардың жеткіліктілігі, үйлерге кіріп-шығатын жолдардың қолайлылығы және аулалардағы қауіпсіз қозғалыс тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты аталған аумақтағы тұрғын үй кешендері бойынша пәтер санын, жобада қарастырылған автотұрақ орындарын және іргелес жолдарға түсетін нақты жүктемені қамтитын толық ақпарат жинау тапсырылды. Жиналған мәліметтер негізінде полиция мен жауапты қызметтердің қатысуымен жеке кеңес өткізіліп, қалыптасқан жағдайды шешу жолдары қарастырылмақ.
Облыс әкімінің айтуынша, тұрғын үй құрылысы мен аумақты абаттандыру жұмыстары өзара сабақтас жүргізілуі керек. Жаңа үйлердің маңындағы жолдар, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік тұрғындардың қажеттілігіне сай ұйымдастырылуы тиіс.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жол құрылысы мен абаттандыру жұмыстарының сапасын бақылауды күшейтіп, анықталған мәселелерді уақтылы шешу міндеттелді.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









