Қостанай облыстық ауруханасының хирургтері өңір тарихында алғаш рет құрсақ қолқасының аневризмасы бар науқасқа стент-графт имплантациялау бойынша эндоваскулярлық операция жасады. Аневризманың диаметрі шамамен 6 сантиметрді құрады. Операцияны аурухананың бас директорының орынбасары, интервенциялық хирург Сергей Мусаев жүргізді.
Науқас ауруханаға жедел панкреатитке күдікпен түскен. Алайда тексеру барысында облыстық аурухананың дәрігерлері басқа да қауіпті патологияны — құрсақ қолқасының аневризмасын анықтады.
«Бұл — ағзадағы ең ірі қан тамырының патологиялық кеңеюі. Оның жарылуы жаппай ішкі қан кетуге әкеліп, науқастың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін», — дейді Сергей Салверович.
Емдеу үшін мамандар аз инвазивті эндоваскулярлық әдісті — стент-графт имплантациясын қолданды. Сан артериясы арқылы арнайы құрылғы қолқаның зақымданған бөлігіне жеткізіліп, қажетті орынға орнатылды. Стент-графт қан ағымына арналған жаңа арна қалыптастырып, аневризманы қан айналымынан оқшаулауға мүмкіндік береді.
Дәстүрлі ашық операциядан айырмашылығы, бұл араласу үлкен хирургиялық тілік жасамай орындалды. Процедура шамамен бір сағатқа созылды.
Эндоваскулярлық әдіс хирургиялық жарақат көлемін азайтуға және науқастың тезірек қалпына келуіне ықпал етуі мүмкін.
Бұл технологияны енгізу Қостанай облысында жоғары технологиялық тамыр хирургиясының мүмкіндіктерін кеңейтеді. Енді өңір тұрғындары қолқаның қауіпті ауруларын емдеудің тағы бір заманауи әдісін өз өңірінде ала алады.




