Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқара ауданына жұмыс сапары аясында аудандық ауруханаға барды. Сапар барысында өңір басшысы емхана ғимаратын қайта құру жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Нысанды Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Динат Қожекенов таныстырды. Жітіқара аудандық ауруханасының директоры Ерлан Аяғанов атқарылған жұмыстар, материалдық-техникалық жарақтандыру және емхананың қызметін ұйымдастыру барысы туралы баяндады.
Қайта құру жұмыстары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілді. 1976 жылы салынған бұрынғы емхана ғимараты ұзақ уақыт пайдаланылуына байланысты күрделі жөндеуді қажет еткен. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық көлемде аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
Аралас үлгідегі медициналық ұйым күніне 214 келушіге қызмет көрсетуге есептелген және ересектер мен балаларға медициналық көмек көрсетуге арналған. Ғимаратта тіркеу бөлімі, ересектер мен балаларға арналған жеке сүзгі кабинеттері, клиникалық-диагностикалық бөлімшелер, зертханалар және дәрігерлердің қабылдау кабинеттері қарастырылған.
Сонымен қатар Құмар Ақсақалов пен Динат Қожекенов күндізгі стационар бөлімшесіндегі (КСБ) жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Сапар аясында аудандық аурухананың жас мамандарымен кездесу өтті. Әңгімелесу барысында кадрлармен қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Жас мамандар өңір басшысына көрсетіліп отырған қолдау шаралары, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақылар төлеу және балаларын балабақшаға орналастыруға жәрдемдесу үшін алғыстарын білдірді.
Медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жас мамандарды тарту және олардың тұрақтап қалуына жағдай жасау Қостанай облысының денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








