Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне 21 248 лот бойынша камералдық бақылау жүргізді.
Бақылау нәтижесінде ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы 1 822 хабарлама жолданды. Оның 1 777-сі белгіленген мерзімде орындалып, көрсеткіш 97,5%-ды құрады.
БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫ ЖОЮ БОЙЫНША ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ
Камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоймағаны үшін 64 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Оның ішінде 52 хаттама бойынша айыппұл салынды және өндірілді, 3 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды, ал 9 хаттама соттың қарауына жолданды.
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДАҒЫ ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН БҰЗУШЫЛЫҚТАР
Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде жиі кездесетін бұзушылықтарға әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін негізсіз талаптар қою, демпингтік бағаны есептеу тәртібін бұзу, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату кезінде ақпаратты орналастыру мерзімдері мен талаптарын сақтамау жатады.
Сонымен қатар, техникалық ерекшеліктерді қазақ немесе орыс тілінде орналастырмау және мемлекеттік стандарттарды көрсетпеу жағдайлары да анықталады.
Камералдық бақылаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтардың алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және жоюға мүмкіндік беру. Департамент бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда.








