2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында Жамбыл облысында экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс және сауда көлемі артты.
ӨНЕРКӘСІП ӨНДІРІСІНІҢ КӨЛЕМІ 1,1 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТЫ
Есепті кезеңде облыс кәсіпорындары 1 103,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,1%-ды құрады.
Өнеркәсіп өндірісінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл салада 729,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс индексі 126,1%-ға жетті. Электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен жабдықтау саласында 195,2 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, тау-кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 171,5 млрд теңгені құрады.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ӨСІМ – 4,9%
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алдын ала деректер бойынша 466,6 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 104,9%-ға жетті.
Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал саны 34,8 мың басқа, қой мен ешкі 290,4 мың басқа, жылқы 20,6 мың басқа, ал құс саны 445,4 мың басқа артты.
Өсімдік шаруашылығының өндіріс көлемі 7,1%-ға өсті. Атап айтқанда, Т. Рысқұлов ауданында дәнді дақылдар өндірісі 3,8 есе, Жуалы ауданында 3,5 есе ұлғайды.
ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 721,9 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ
Қаңтар–қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 721,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1%-ға өсті.
Инвестициялардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Бұл салаға 364,1 млрд теңге инвестиция салынып, жалпы көлемнің 50,4%-ын құрады.
Өңірде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Мойынқұм ауданындағы жел электр станциясы, Сарысу ауданындағы химиялық заттар мен кальцийленген сода өндіру кешендері, сондай-ақ Шу ауданындағы жүгеріні қайта өңдеу және металлургия зауыттарының құрылысы бар.
ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫНДАҒЫ НӘТИЖЕЛЕР
Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 283,7 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 104%-ға жетті.
Тұрғын үй құрылысына 90,6 млрд теңге бағытталып, облыста 530,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 282,4 мың шаршы метрден астамы халықтың өз күшімен салынған тұрғын үйге тиесілі. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің 46,8%-ы көппәтерлі үйлерді, 53,2%-ы жеке тұрғын үйлерді құрайды.
САУДА ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК
Облыстағы сауда көлемі 847,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,2%-ды құрады. Бөлшек сауда көлемі 473 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға өсті. Көтерме сауда айналымы 372,4 млрд теңгені құрады.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста 14 639 заңды тұлға тіркелген, оның 12 410-ы жұмыс істеп тұрған ұйымдар. Сонымен қатар 66 277 жеке кәсіпкер және 29 253 шаруа және фермер қожалығы тіркелген.
ОБЛЫС ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ – 1,21 МЛН АДАМ
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Жамбыл облысының халқы 1 млн 210 мың адамды құрады. Тұрғындардың 51,4%-ы ауылдық жерлерде, 48,6%-ы қалаларда тұрады.
2026 жылдың алғашқы сегіз айында халықтың табиғи өсімі 8,2 мың адамға жетті. Өңір тұрғындарының орташа жасы – 31,4 жас. Облыста күн сайын орта есеппен 54 сәби дүниеге келеді.
ЖАЛАҚЫ ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
2026 жылдың екінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 375,5 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары.
Жұмыс күшінің саны 524,9 мың адам болса, жұмыспен қамтылғандар саны 499,8 мың адамға жетті. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады.
ТҰТЫНУ БАҒАЛАРЫ МЕН КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ
2026 жылғы қыркүйекте тұтыну бағаларының индексі 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 106,4%-ды құрады. Осы кезеңде азық-түлік тауарларының бағасы 5,2%-ға, азық-түлік емес тауарлар 6,7%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға өсті.
2026 жылдың үшінші тоқсанында облыстағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 71 026 теңгені құрады. Аудандар бойынша бұл көрсеткіш Жуалы ауданындағы 66 746 теңгеден Қордай ауданындағы 75 103 теңгеге дейін өзгерді.
Жалпы, 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және сауда салаларында өсім байқалды. Өңір экономикасын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда.








