Бүгінгі таңда облыс аумағында 9 жылу энергетикалық кешені мен 590 автономды қазандық бар. Аталған нысандар арқылы 1 767 әлеуметтік нысан мен 1 855 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ТОЗУ ДЕҢГЕЙІ 51%-ҒА ДЕЙІН ТӨМЕНДЕДІ
Жамбыл облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, негізгі жөндеу жұмыстары аяқталды.
8 қазаннан бастап Тараз қаласы мен аудандардағы әлеуметтік нысандарға, ал 12 қазаннан бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастады.
Облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 50,7 шақырымды құрайды. Жүргізілген жөндеу және жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 53%-дан 51%-ға дейін төмендеді.
ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУҒА 6,5 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ
Биыл жалпы ұзындығы 29,3 шақырым жылу желілерін ауыстыруға 6,5 млрд теңге қарастырылды. Республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 11 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.
Оның ішінде Ұлттық жоба аясында 2,4 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 4,4 шақырым жылу желілерін ауыстыру бойынша 2 жоба іске асырылды.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРҒА КӨМІР ТОЛЫҚ ЖЕТКІЗІЛДІ
Облыс бойынша жылыту маусымына 191,1 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған. Оның ішінде 134,1 мың тоннасы тұрғындарға, 57 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған.
Қазіргі уақытта әлеуметтік нысандарға қажетті көмір толық жеткізілді. Ал тұрғындарға жоспарланған 134,1 мың тоннаның 30,3 мың тоннасы жеткізілген. Бұл жалпы жоспардың 22,6%-ын құрайды.
Халыққа көмір жеткізу жұмыстары бүкіл жылыту маусымы бойы жалғасады.
КӨМІР ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ, КЕЗЕК ЖОҚ
Халық пен заңды тұлғаларға көмір сатумен 31 оператор айналысады. Қазіргі уақытта облыстың теміржол тұйықтарында 8,1 мың тонна көмір қоры бар. Оның 4,2 мың тоннасы Тараз қаласында орналасқан. Көмір сатып алу орындарында кезек байқалмайды.
Облысқа негізінен «Шұбаркөл» және «Қаражыра» маркалы көмір жеткізіледі. Бір тонна көмірдің бағасы 19–24 мың теңгені құрайды. Шалғай ауылдық елді мекендерге жеткізу құнын қосқанда баға 21–27 мың теңге аралығында болады.
Аудан және Тараз қаласының әкімдіктері көмір тапшылығы мен кезектің алдын алу мақсатында тұрғындарға отынды алдын ала сатып алу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Көмір жеткізу мәселесі тұрақты бақылауда.








