ШҚО семсерлесушілері әлемдік додада топ жарды

    1 / 5

    Шығыс Қазақстан облысының спортшылары халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін үстем етті. Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алса, «Алтай Өскемен» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалу үшін маусымның шешуші ойындарына дайындық жүргізуде.

    Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы 2026-2027 жылғы маусымдағы Әлем кубогының алғашқы алтын медалін иеленді. Мароккода өткен халықаралық турнирдің финалында қазақстандық спортшылар Ресей құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.

    Ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Кирил Павлов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов өнер көрсетті. Олардың халықаралық додадағы табысы - өңір спорты үшін зор мақтаныш.

    Қазақстан құрамасы жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін, шеберлік пен жеңіске деген жігерін танытты. Алғашқы айналымда Түркия құрамасын 45:20 есебімен ұтқан отандастарымыз 1/8 финалда Гонконг спортшыларын 45:28 есебімен жеңді. Ширек финалда Мысыр құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, жартылай финалда Франция командасын дәл осындай есеппен жеңді. Ал финалда Ресей құрамасына қарсы тартысты бәсекеде 45:40 есебімен жеңіс жалауын желбіретті.

    Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер бес кездесудің барлығында жеңіске жетіп, Әлем кубогының алтын жүлдесін қанжығалады.

    Аймақ спортындағы тағы бір маңызды жаңалық - «Алтай Өскемен» футбол клубының Қазақстан Премьер-лигасындағы кезекті ойыны болды. Қазақстан чемпионатының 23-туры аясындағы кейінге шегерілген матчта өскемендік команда «Атыраумен» кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті.

    Ойынның 33-минутында «Алтай Өскемен» шабуылшысы Ибрагим Дадаев есеп ашып, командасын алға шығарды. Алайда матчтың соңғы минуттарында өскемендік клуб ойыншыларының бірі алаңнан қуылды. Сан басымдығына ие болған қарсылас көп ұзамай есепті теңестірді. Нәтижесінде командалар бір-бір ұпайдан еншіледі.

    Маусым аяқталуға жақын қалды. Сондықтан «Алтай Өскемен» үшін қалған екі кездесудің маңызы ерекше. Команда 25 қазанда өз алаңында «Елімаймен» кездессе, 30 қазанда Алматыда «Қайратқа» қарсы ойнайды.

    Бұл матчтардың нәтижесі клубтың Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу жолындағы мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты команда алдағы ойындарда бар күшін салып, қажетті ұпайларды жинауды көздейді.

    (Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары