Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір құтқарушыларын кәсіби мерекесі - Құтқарушылар күнімен құттықтады.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде 1 450 адам еңбек етеді. Жыл басынан бері департамент бөлімшелері 4 мыңға жуық жедел шақыртуға шығып, 1 100-ден астам апаттық-құтқару жұмысын жүргізді. Нәтижесінде 145 адам құтқарылып, тағы 160 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Жыл сайын техника паркі жаңартылып, жұмысқа жаңа әдістер енгізілуде.
«Құтқарушылар күні құтты болсын! Қиын сәтте көмекке келіп, адам өмірін сақтап қалу жолында жанқиярлықпен қызмет ететін құтқарушылардың еңбегі әрдайым зор құрметке лайық. Ең күрделі жағдайларда осы саланың мамандары қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын созып, адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етеді. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға береке тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті болып, халықтың құрметі мен алғысы әрдайым өздеріңізге көрсетілген ең жоғары марапат болсын!» - деді аймақ басшысы.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Сурет:ШҚО ТЖД









