МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарын марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Тағылымды шараға аудан әкімі Қанат Әзмұханов, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі Қанат Әзмұханов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. Сондай-ақ олардың азаматтық белсенділігі мен қоғамдық қызметінің, халықтың талап-тілегін жеткізіп, ауданның дамуына үлес қосудағы еңбектерінің маңыздылығына тоқталды.
– Депутаттық қызмет – үлкен жауапкершілік пен ел алдындағы адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Халықтың аманатын арқалап, ел мүддесін қорғау жолында атқарған еңбектеріңіз бен ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, – деген ізгі тілегін жеткізді аудан басшысы.
Құттықтау сөзден кейін Қанат Әзмұханов мәслихат депутаттарына арнайы алғыс хаттар табыстап, олардың ел алдындағы еңбегіне лайықты құрмет көрсетті. Салтанатты жиында аудандық мәслихат аппаратының басшысы Айбар Алтыбаев, аудандық мәслихат төрағасы қызметін атқарған Толқын Бейсқали және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып та сөз алып, аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар депутаттарға ақжарма тілектерін арнап, халықпен етене жұмыс істеудің, ел сенімін ақтаудың және ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.
Ауданның дамуына өз үлестерін қосқан азаматтарға құрмет көрсетуге арналған шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты. Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, салтанатты шараны қорытындылады.








