1 / 14
ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН ЫРЫС: ҚЫЗЫЛҚОҒАДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры, ал адал еңбегімен жердің берекесін кіргізіп, төрт түліктің бабын тапқан еңбек адамдары – ауылдың ырысы мен берекесі. Осындай маңдай тер мен қажырлы еңбекті дәріптейтін Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай Қызылқоға ауданында «Еңбекпен келген ырыс» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Бәйгетөбе аумағында өткен думанды шараға ауданның ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, шаруа қожалықтарының төрағалары мен аудан тұрғындары қатысты. Мерекеге арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғұбайдуллин жиналған жұртшылықты кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік шараның сәнін келтірген алты ақшаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық дәстүр мен ауылдың дархан болмысы айшықталды. Сонымен қатар асыл тұқымды мал көрмесі ұйымдастырылып, көпшілікке өңірдегі мал шаруашылығының жетістіктері таныстырылды. Жергілікті өнім өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, тұрғындар табиғи өнімдермен танысуға мүмкіндік алды.
Мерекенің ең тартысты әрі көпшілік асыға күткен сәттерінің бірі – ат бәйгесі болды. Қызылқоға ауданы әкімдігінің қолдауымен және Атырау облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға Атырау облысымен қатар Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан келген атбегілер мен шабандоздар қатысты.
Алдымен алты шақырымдық тай бәйгесі ұйымдастырылды. Бұл сында Құлсары қаласынан келген Арафат есімді тай топ жарып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Майдан есімді тайға бұйырса, үшінші орын Индер ауданының өкіліне тиесілі болды.
Одан кейін тоғыз шақырымдық құнан бәйгесінде жүйріктер бақ сынады. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан келген Еркем-ай есімді құнан мәреге бірінші болып жетті. Сағыз ауылынан келген Арлан көк екінші орынға тұрақтаса, Индер ауданынан келген Мұрагер есімді құнан үшінші орынды иеленді.
Ал он бес шақырымдық топ бәйгеде Қызылорда облысынан келген Қарақұс есімді жүйрік алдына қара салмай, жеңіс тұғырынан көрінді. Орал қаласынан келген Көркем екінші орынға ие болса, Маңғыстау облысынан келген Каро есімді тұлпар үшінші орынды қанжығасына байлады.
Доданың ең ұзақ әрі ең тартысты кезеңі – жиырма жеті шақырымдық аламан бәйге көрермендердің делебесін қоздырып, нағыз жүйріктердің қарымын танытты. Ұзақ қашықтықта өзара бақ сынаған сәйгүліктердің ішінен Мұқыр ауылынан келген Қуандық Төлешовтің Әсем торы атты тұлпары мәреге бірінші болып жетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Қарағанды облысынан келген Изольда есімді тұлпар екінші орынды иеленсе, Тасшағыл ауылынан шыққан Болатовтар әулетінің Көкбастау атты тұлпары үшінші орынға тұрақтады.
Бәйге жеңімпаздарын аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғұбайдуллин сахна төрінде құттықтап, арнайы алғыс хаттар мен ақшалай жүлделерді салтанатты түрде табыс етті.
Ат бәйгесінен кейін мерекелік бағдарлама ұлттық спорт түрлерімен жалғасты. Қазақша күрес, арқан тартыс, қой көтеру, ләңгі тебу және жамбы ату сынды сайыстар қатысушылардың ептілігі мен күш-қайратын сынап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық ойындар арқылы халқымыздың бай мұрасы мен салт-дәстүрі кеңінен дәріптелді.
Мереке аясында игі дәстүрге айналған қайырымдылық шарасы да назардан тыс қалмады. «Құрман», «Ақтаң», «Балкенже-Данияр», «Нұрболат», «Әнуар», «Дауылбай», «Мұқатай», «Орынбасар», «Нұр», «Сарықұмақ» және «Шоңай» шаруа қожалықтары төрағаларының демеушілігімен Миялы ауылының тұрғыны Елтай Есжановтың отбасына он бас қой және мал азығына арналған он үш рулон шөп табысталды. Бұл – ауыл азаматтарының өзара қолдау көрсетіп, ел ішіндегі ынтымақ пен жанашырлықты нығайтуға бағытталған игі ісінің көрінісі.
Мерекелік шара одан әрі «Болашақ» мейрамханасында жалғасын тапты. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғұбайдуллин ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Жиын барысында аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың атынан сала ардагерлері мен шаруа қожалықтарының төрағаларына алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген мамандар «Үздік» номинациялары бойынша марапатталып, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді.
Еңбек адамдарының мерейін асырған мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.







