1 / 7
ҚЫЗЫЛҚОҒАДА ТАҒЫ 8 ОТБАСЫ ЖАҢА БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Қызылқоға ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында тұрғын үй кезегінде тұрған, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға жалдамалы тұрғын үйлер табысталуда.
Осы бағыттағы жұмыстар Қызылқоға ауданының әкімдігі мен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылуда.
Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғұбайдуллин тұрғындарды қуанышты сәттерімен құттықтап, жаңа үйлеріне құт-береке, шаңырақтарына шаттық тіледі. Салтанатты шара барысында ол Мөлтек шағын ауданында жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің кілтін төрт отбасына табыстады.
Сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Өтеуғали Дүйсәлі сөз сөйлеп, баспаналы болған отбасыларға ақжарма тілегін жеткізді. Ізгі ниетін білдірген ол тағы төрт отбасыға жаңа үйлерінің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Осылайша, сегіз отбасы көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, қуанышқа кенелді. Жаңа үйге ие болған тұрғындар көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін алғыстарын білдіріп, ақ тілектерін жеткізді. Шара соңында ауыл тұрғындары жаңа үйлерді аралап, баспаналардың ішкі жағдайымен танысты.








